⚜️ Құрметті ұйымдастырушылар!

Құрметті ұйымдастырушылар!
Солтүстік Қазақстан облысының делегациясы атынан республикалық әдіскерлер форумын жоғары деңгейде ұйымдастырған барша азаматтарға шынайы алғысымызды білдіреміз.
Ең алдымен, Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігі Ыбырай Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының «Ғылыми-әдістемелік сүйемелдеу» орталығының директоры Аманжолов Дулат Аманжолұлына, Маңғыстау облысының білім басқармасына және Білім берудің оқу-әдістемелік орталығына ерекше ризашылығымызды жеткіземіз.
Ақтау қаласында өткен республикалық әдіскерлер форумы әдіскерлер қауымы үшін аса маңызды, мазмұнды әрі тағылымы мол алаң болды. Еліміздің 20 өңірінен келген әдіскерлер бір-бірімен тәжірибе алмасып, жаңа идеялармен, озық тәжірибелермен бөлісті. Форум аясындағы әрбір кездесу, әрбір пікір алмасу кәсіби дамуға серпін беріп, алдағы жұмысымызға жаңа бағыт сыйлады.
Форумның ұйымдастырылуы, мазмұны, қонақжайлығы – барлығы жоғары деңгейде өтті. Әсіресе, форумның ашылу салтанатынан ерекше рух алдық. Сол сәттен-ақ Маңғыстаудың кеңдігі мен дарқандығы, қазақы болмысы анық сезілді. Нағыз қазақылықтың иісі аңқып тұрған тағылымды шара жүрегімізге ерекше әсер қалдырды.
Форум барысында Маңғыстаудың киелі жерлерімен танысу мүмкіндігі жасалды. Бекет ата мен Шопан ата жер асты мешіттеріне барып, халқымыздың рухани мұрасын тереңірек сезіндік. Сонымен қатар, Бозжыра шатқалының ғажайып табиғатын көріп, Маңғыстау өлкесінің сұлулығына тәнті болдық. Сондай-ақ, Каспий теңізінің жағалауына жасалған саяхат ерекше әсер сыйлады. Каспий жағасындағы көркем көрініс, теңіздің айрықша тынысы мен табиғаттың әсемдігі форум аясындағы ұмытылмас сәттердің біріне айналды. Бұл сапарлар форумның тәрбиелік, танымдық маңызын одан әрі арттыра түсті.
Маңғыстау өңірінің қонақжайлығы, ұйымдастырушылардың кәсібилігі мен ықыласы әрбір қатысушының жүрегінде жылы әсер қалдырды.
Осындай тағылымы мол, мазмұны бай, жоғары деңгейдегі форумды ұйымдастырғандарыңыз үшін тағы да зор алғысымызды білдіреміз. Еңбектеріңізге табыс, шығармашылық шабыт, толағай жетістіктер тілейміз!
Еліміздің түкпір-түкпірінен келген барша әріптестерімізге үйлеріне аман-есен жетіп, елге көтеріңкі көңіл-күймен оралуларына тілектеспіз. Алдағы жұмыстарыңызға мол табыс, шығармашылық ізденіс, кәсіби жетістік пен толағай табыс тілейміз!
Ізгі тілекпен, Солтүстік Қазақстан облысының делегациясы
Посмотреть новость на сайте учреждения
Вернуться к списку новостей
Комментарии