2016-2017 оқу жылындағы «Сыңғырла алғашқы қоңырау» салтанатты жиының сценарийі
1-жүргізуші:
Алаулаған алабынан нұр тамып,
Қазақ елін бүкіл дүние жүр танып.
Көк байрағың желбірейді төріңде,
Әнұраның тұр көгіңде шырқалып.
(әнұран орындалады)
Ән: «Мереке»
2 - жүргізуші:
Құрметті ұстаздар, қонақтар, ата - аналар, аяулы оқушылар! Бүгінгі сағынышқа, шаттыққа толы «Алғашқы қоңырау» мерекелеріңіз құтты болсын!
Бірінші қыркүйек білім күніне арналған салтанатты жиынымызды ашық деп жариялаймыз!
1-жүргізуші:
Ерекше бүгінгі күн, салтанат сән,
Тербетер әр жүректі бір әсем ән.
Құлпырып шәкірттер тұр мектеп - ұстаз,
Сағынып жыл құсындай қайта оралған.
Мереке зор қуаныш - Білім күні,
Сыңғырла қоңыраудың алғашқы үні.
Қош келдің, құтты болсын қадамдарың,
Балдырған, балғын жандар - өмір гүлі.
2 - жүргізуші
Өмір бойы мектебімді жыр етем,
Бір өзіңде бақыт, бірлік, берекем.
Шәкірттерің өрістесін, өрлесін,
Құтты болсын Білім күнің – мерекең!:
Мектеп деген білім күні, жыр күні
Мектеп деген ғылымның ең үлкені
Мектеп деген тәрбиеші адамға
Мектеп деген даналардың мекені
1 - жүргізуші:
Жаңа Конституция негізіне адам мен азамат құқықтары, олардың еркіндігінің үстемдігі, Қазақстанда күшті мемлекет құру жайы алынған. Ол қоғамдық дамудың қазіргі үрдістеріне толығымен сәйкес келеді, тіпті одан да озық.
2 - жүргізуші:
2016 жыл мектеп табалдырығын алғаш аттағалы отырған бүлдіршіндер үшін бүгін ерекше күн болмақ
1-жүргізуші:
Біреулер енші ап өмірден,
Аттанбақ болса асып қыр
Біреулер балғын көңілмен
Алғашқы қадам басып тұр
Сондықтан да назарды,
Солар жаққа бұрайық
Балдырғандарды базарлы
Қарсы алып, қол соғайық
1.Исенов Еркетай
2.Сәрсенбай Архат
2 - жүргізуші:
Бірінші сынып оқушыларын және олардың мұғалімін құттықтап қояйық!
1- сынып бүлдіршіндерін білім әлеміне бастап апаратын ұстаз
1 - жүргізуші:
Бүгінгі 1 - қыркүйек білім күні мерекесіне құрметті қонақтарымыз қатысып отыр.
Би: орындайтын бишілер тобы
2- жүргізуші:
Абзал жан, биік тұлға байсалды,
Құшақ жая шәкірттерін қарсы алды.
Бүгінгі салтанатты шақта бір
Құттықтайды мектеп басшысы баршаңды, – дей келе,
құттықтау сөз мектеп директоры Кикбаева Гүлназ Бағрамқызына беріледі.
1-жүргізуші:
Халқымыз “Ата-баба дәстүрі- асыл мұра” дегендей “Бала- бауыр
етім” деп баласы шыр етіп дүниеге келгеннен бастап, әрбір
қадамына қуанып, шілдехана, бесік той, тұсау кесер, ашамайға
отырғызу сияқты тойларын жасаған. Ал бүгінгі тойымыз
бүлдіршіндердің 6-ға келіп, 1- сыныпқа қабылданып , «Алғашқы
қоңырау» мерекесіне қатысу сәті.
Бұл той- баланың бал дәурен шағымен қоштасып, білімге
талпынған қадамы.
2-жүргізуші:
Алғаш келген бүлдіршін,
Құтты болсын қадамың!
Төбеңде бейбіт күн күлсін,
Төмендемесін талабың.
Нұр шашып көкте күн,
Өміріңнің көктемін.
Гүлдендірем деп келдім,
Сәлем алтын мектебім!- деп алғаш мектеп табалдырығын аттап отырған бүлдіршіндерге сөз кезегін береміз
Ән: «Сәбилік көңілден»
1-оқушы:
Сәлем, саған мектебім, (Архат)
Алғыстарым көп менің.
Оқу, білім, тәрбие
Ой санама еккенің.
2-оқушы:
Қуаныш бүгін – мереке, (Еркетай)
Шуағын шашып тұр әлем.
Мектепке келген алғашқы,
Жан досым, саған мың сәлем.
1-оқушы:
Бірінші қыркүйек күнімен (Архат)
Аңқыған жұпар гүлімен
Келіп ем, қарсы алар мектебім
Сүйкімді қоңырау үнімен.
2-оқушы:
Биыл мен де мектепке (Еркетай)
Біріншіге барамын.
Мақтанбаймын мен текке,
Дайын дәптер, қаламым.
1-оқушы:
Мектепке енді барамыз, (Архат)
Біз оқушы боламыз.
Жақсы оқып сабақты,
Кілең бестік аламыз.
2-оқушы:
Алдыңа келіп, ұстазым, (Еркетай)
Тұңғыш қалам ұстадым.
Күлімдеген көзіңнен
Мейіріңді сезіндім.
1-оқушы:
Отанның біз ұл-қызы, (Архат)
Халықтың біз жұлдызы.
Оқимыз ақын-жырларын,
Оқимыз еңбек сырларын.
2-оқушы:
Сылдырлайды, сыңғырлайды (Еркетай)
Мектеп жақта қоңырау.
Ұмытпаймыз бұл бір айды,
Гүлге толы омырау.
Ән: «Ұстазға мың алғыс» хор
1-оқушы:
Гүл толы қала, дала да, (Архат)
Гүл толы бүгін омырау.
Шақырып мектеп – анаға,
Соғылмақ тұңғыш қоңырау.
2-оқушы:
Келдік алғаш мектепке, (Еркетай)
Білмейтін едік әріп те,
Оқып, бізді үйретер,
Ғылым анасы – Әліппе!
1-оқушы:
Мектеп – қамқор анамыз, (Архат)
Оқып, білім аламыз.
Өнерпаз боп өсетін,
Біз оқушы боламыз
2-оқушы:
Мен мектепке барамын, (Еркетай)
Кілең бестік аламын.
Ата-анамды қуантып,
Шоқ жұлдыздай жанамын.
1-оқушы:
Бақытты балғын баламыз, (Архат)
Өсті ой мен санамыз.
Әріп танып, сабақ оқып,
Білім нәрін аламыз.
2-оқушы:
Міне мен де ұлкен болдым, (Еркетай)
Жасым толды алтыға.
Арқама сөмке асынып,
Мектепке барам асыға.
1-оқушы:
Қайсарлы Қазақстан ұланымыз, (Архат)
Еліме лайық болу ұранымыз.
Есперлі мектебінде білім ап,
Білімнің биігіне шығамыз біз.
Шолпан «Мектебім»
1-жүргізуші:
9-сынып оқушыларына сөз кезегі беріледі
Ән: «Ұстазым»
1-оқушы:
Өмірдің бейбіт бағы гүл,
Асудан асып асқарлы
Мінекей биыл тағы бір
Жаңа оқу жылы басталды.
Шаттықпен шалқып толғана
Ой толқытқан жүрегін
Өмірге алмақ жолдама
Сыр шертсін енді түлегің
2-оқушы:
Оқыған әпке, ағаңыз,
Қадірлі мектеп – бұл мектеп.
Сендердей біз де болғанбыз,
Есейдік, міне, қараңыз.
Құт болып алғаш қадамың,
Жағарсың білім шырағын.
Биылғы жыл ерекше,
Ұғарсың оның шын мәнін.
1-оқушы:
Құттықтап білім күнімен,
Сыйланар сізге әліппе.
Бар білімнің бастауы,
Қадірлеп оны дәріпте.
Егемен елдің төсінде,
Шуағын шашсын арай ,күн
Азамат болып өсіңдер,
Қызыға жұрттар қарайтын.
2-оқушы:
Айқара ашқан есігін
Қайнары білім нұрының
Мектебің – алтын бесігің
Жылы ұяң, міне сыныбың
Қаламсап алып қолыңа,
Достасарсың да әріппен
Шуағын себер жолыңа,
Жан серігің – әліппең
Ән: «Ұстазым»
1-оқушы:
Мектебің – алтын ұя жарқыраған,
Ұстазың – бұлақ көзі сарқыраған.
Шыңдалып, шыңға қарай қанат қақтың,
Шарықта, жас қыраным, ақ жол саған.
2-оқушы:
Нұр құйған бөбектердің зердесіне,
Білімнің сусындадым теңізінен.
Шәкіртпін асыр салған жер төсінде,
Нәр алып ұстаздың әр лебізінен.
Жасарып жайсаң жаны жадырайды,
Алдынан түлеп ұшса балғын бөбек.
1-оқушы:
Қоңырау сыңғырла, асыға
Үн қосқан қиядан асуға
Білім ал, еңбек ет жас ұлан
Өрле сен биiк шың басына.
Қоңырау үні сыңғырлап,
Естілді жылы жаныма
Күлкідей әсем сылдырлап
Бөбекті жиды маңына
2-оқушы:
Бақытым самғасам да, көгімде ұшар,
Мектебім жүрегімнің төріндесің,
Өзіннен бастау алған бала сезім.
Білемін еш уақытта жеңілмесін.
Өмірдің қол созғанмен жаңасынан,
Өткеннің кім жете алар бағасына.
Кешегі арман қуған күн алыста,
Кеттің-ау сағым жылдар арасында.
Мектебім сағынышым,
Балалығымның тәңірісін.
Шуақты күндерді,
Жұлдызды түндерді,
Сәуледей болған жарығысың.
2-жүргізуші:
Бүлдіршіндер – ертеңгі ұландары,
Құтты болсын алғашқы қадамдары.
Құтты болсын, басталған оқу жылы,
Құтты болсын, алғашқы баспалдағы.
Мектеп табалдырығын алғаш аттап отырған бүлдіршіндерімізге сәттілік тілей отырып , 3- сынып қыздарының орындауында «Ертегілер» қабыл алыңыздар.
1 – жүргізуші:
Ата - ана болу үлкен сын
Бала өсіру ұлы өнер
Жақсылардың соңынан
Жарқын қыз бен ұл өсер
1- сынып ата - аналарына құттықтау сөз кезегі беріледі.
Ән «Мектебім»
1- жүргізуші:
Оқу қайта басталды,
Мектебіміз қарсы алды.
Қоңыраудың дауысы
Күмбірлетті аспанды.
Қағылмақ міне әуенге бөлеп,
Қағылмақ алғаш қоңырау.
Нұр толып жүзің, гүл толып құшақ,
Шаттыққа толсын омырау.
2-жүргізуші:
Аялар бейбіт күн нұры,
Мектебім, бізге жөргексің.
Алғашқы қоңырау сыңғыры
Ән болып сені тербетсін.
Сыңғырла қоңырау, сыңғыр қақ,
Жаңа оқу жылын ашқасын
Бал үнің сенің сырлы ырғақ
Сыныпқа бізді бастасын
1-жүргізуші:
Қоңырау үні шарықта,
Өзіңнің сиқыр тіліңде
Қызмет көрсет халыққа
Шақырып өнер – білімге
Жаңа оқу жылы жемісті
Мерейі үстем жыл болсын!
Шәкірттеріміз өрісті,
Елім дер қыз бен ұл болсын!
Жаңа оқу жылының алғашқы қоңырау соғу рәсімі 1- сынып оқушысы пен 9- сынып оқушысы ие болып отыр.
Соғылсын қоңырау, соғылсын,
Сыңғырла мәңгілік сыңғырла.
Толқыған жүректер тоғысын
Толтырып бір арна, бір жырға.
Шаттықтың үніндей мәңгілік
Соғылсын қоңырау, соғылсын,
Қуаныш әніндей жаңғырып
Жүректер ақ нұрға соғылсын.
2-жүргізуші:
Құрметті оқушылар, баршаңызды Білім күніне арналған «Мен- өз елімнің патриотымын» атты алғашқы сабаққа шақырамыз.
1-жүргізуші: Осымен Білім күніне арналған салтанатты жиынды жабық деп жариялаймыз!
Жаңалықты мекеменің сайтында қарау